Қазақстанда мұғалімдер жүргізуге міндетті құжаттар саны 25-тен 5-ке дейін азаюы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мұғалімдер қандай құжаттарды толтырады?
Министрдің айтуынша, 2020 жылы бекітілген №130 бұйрық бойынша мұғалімдер 25 түрлі құжат жүргізуге міндетті. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл тізімді қысқарту жоспарланып отыр.
Жаңа ұсыныс бойынша педагогтерге мына бес құжатты жүргізу жеткілікті болуы мүмкін:
Сабақ жоспары.
Оқушылардың үлгерімі көрсетілетін электронды журнал.
Қосымша білім беру педагогтерінің сабақтан тыс жұмыстарын есепке алу журналы.
Сынып жетекшілерінің «Адал азамат» бағдарламасын жүзеге асыру жоспары.
Сұраныс бойынша оқушыға берілетін мінездеме.
Бұл өзгерістерді енгізу үшін тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарға түзетулер енгізілуі керек. Сондықтан әзірге мұғалімдер толтыратын құжаттар саны ресми түрде қысқартылған жоқ.
Мектептерде 70-тен астам цифрлық жүйе бар
Оқу-ағарту министрлігі мектептерде қолданылатын цифрлық жүйелердің жұмысын да тексерген. Талдаудың мақсаты – бір-бірін қайталайтын қызметтерді анықтап, деректерді біріктіру және артық шығындарды азайту.
Тексеру нәтижесінде еліміздегі мектептерде 70-тен астам цифрлық жүйе мен сервис қолданылатыны анықталған. Әр өңірде орта есеппен онға жуық жүйе бар.
Олар электронды журналдар мен күнделіктерді жүргізуге, оқушылардың білімін бағалауға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге және оқушылар туралы мәліметтерді есепке алуға арналған.
Енді министрлік осы жүйелерді біртұтас құрылымға біріктіруді көздеп отыр. Бұл жұмыста Ұлттық білім беру деректер базасы негізгі рөл атқармақ.