Мәзір

Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді

Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді
Фото: Ақорда

Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет елдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоспар әзірлейді. Оның аясында барлық өңірде әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңартылады.

«Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет», – деді Тоқаев.

Президент Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдаланып, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жұмсау маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, бөлінген қаржының экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы керек.

Қандай нысандар салынады?

Алдымен өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше балалардың қажеттіліктеріне сай спорт залдары бар.

Сонымен қатар 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға да басымдық беріледі. Атап айтқанда, көптеген елді мекенді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған.

Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеп, оған еліміздің барлық өңірін қамтуға тиіс.

Бағдарлама «Халықтық құрылыс» деп аталады

Президент инфрақұрылымды дамытуға арналған ауқымды бастаманы «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды. Оның пікірінше, бағдарлама азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға ықпал етеді.

«"Халықтық құрылыс" бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан экономикасы туралы не айтылды?

Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сүйеніп, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтайтынын мәлімдеді. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады.

Мемлекет басшысының сөзінше, экономика көлемі бойынша Қазақстан әлемде 47-орынға көтеріледі. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан.

Бұған қоса, елдің алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 млрд доллардан асып отыр.

Президент осы экономикалық әлеуетті ел инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңірлерді дамытуға бағыттау қажеттігін атап өтті.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2