Бұрынғы Құрылтай депутаты Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бүгін Құрылтай депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылған Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
«Мемлекет басшысының өкімімен Татьяна Михайловна Савельева Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды», – деп хабарлады Ақорда.
Бұған дейін, 7 қазанда Құрылтай депутаттары Татьяна Савельеваның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, оған атқарған жұмысы үшін алғыс айтқан.
Савельеваның жаңа қызметке тағайындалуы Қорғаныс министрлігіндегі кадрлық өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Бұған дейін ведомствода бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылған еді.
Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейінгі кадрлық өзгерістер
Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін Қорғаныс министрлігінде бірқатар кадрлық өзгеріс болды.
27 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Ведомство басшысы қызметіне Айдос Мырзахметов келді. Ол 28 қыркүйекте Қарулы күштерді реформалаудың негізгі бағыттарын жариялады.
Ал 3 қазанда Президент Қаныш Әбубәкіровті Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы қызметінен босатты. Сонымен қатар, Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакиев пен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков те қызметінен алынды.
Кадрлық шешімдерге 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға себеп болды.
Сол күні Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Осыған байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Олар Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі – «Қызметке салғырт қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан» және 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» баптары бойынша тергеліп жатыр.
Тергеу аясында Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға күдікті ретінде анықталып, ұсталған.
Бұған дейін, 26 қыркүйекте, Президент Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырған.