Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөліне тоқталып, қазақ тілінің ешқандай әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әсіресе жастардың қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлей бастауы қуантады.
«Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуы өзге тілдерден бас тартуды немесе оларды шеттетуді білдірмейтінін атап өтті.
Ол Конституция бойынша азаматтарды тіліне, тегіне, ұлтына, діни көзқарасына және басқа да белгілеріне қарай кемсітуге жол берілмейтінін еске салды.
Тоқаев әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық әрекеттерге де тоқталды. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер қоғамның бірлігіне кері әсер етіп, елдің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.
«Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет», – деді Президент.