Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандардың шамамен жартысы республикалық маңызы бар автожолдарға тиесілі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында айтты., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Министрдің айтуынша, адам өлімі жиі тіркелетін жол учаскелерінің қатарында Жамбыл облысындағы «Алматы – Ташкент» трассасы бар. Мұнда 60 адам қаза тапқан.
Алматы облысында «Алматы – Бішкек» жолында 33 адам, «Алматы – Өскемен» бағытында 12 адам, «Алматы – Көкпекті – Көктал» трассасында 17 адам көз жұмған. Ақтөбе облысында «Шымкент – Самара» жолында 19 адам, ал «Ақтөбе – Атырау» бағытында 14 адам қаза тапқан.
Сәденов жол қауіпсіздігіне жол бойындағы инфрақұрылымның да әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, трассаларда демалыс және тамақтану орындары жеткіліксіз. Соның салдарынан жүргізушілер ұзақ уақыт үзіліссіз көлік жүргізіп, ұйықтап кетуі мүмкін.
«Жол бойындағы сервис сапасы да – айтарлықтай жақсы емес. Кемпинг және тамақтану орындары өте аз. Жүргізушілер демалыссыз көлікті айдауға мәжбүр. Соның салдарынан, ұйқтап кетеді. Жалпы, заманауи талаптарға жолдардың тек 16%-ы ғана сай келеді», – деді министр.
Сәденов жол қауіпсіздігін арттыру үшін бірінші санаттағы жолдарды көбейтудің маңызын айтты. Оның мәліметінше, мұндай жолдардың 6 мың шақырымын салу қажет.
Министр Қарағанды мен Алматы арасындағы төрт жолақты магистральді мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл жол іске қосылғаннан кейін аталған учаскеде адам өлімі 47 пайызға азайған.
«1-санатқа жататын – 6 мың шақырым жол салынуы қажет. Оның тиімділігі өте жоғары. Мысалы, Қарағанды мен Алматы арасында 4 жолақты магистраль іске қосылды. Осы учаскеде адам өлімі 47%-ға азайды. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» бұл мәселені тездетіп қолға алу керек», – деді Ержан Сәденов.