Сараптамаға сәйкес, Нұрпейісованың бас сүйегінің оң жақ самай және маңдай тұсындағы сүйектері сынған. Сынған сүйек бөліктері ішке қарай кіріп, бас сүйегінің алдыңғы және ортаңғы бөліктеріне зақым келтірген.
Адвокаттың айтуынша, жарақат салдарынан жәбірленушінің оң жақ есту жүйкесі зақымдалып, кейін есту қабілетінен айырылған.
«Оң жақ самай сүйегі сынып, ішіне кіріп кеткен. Сүйектің сынығы ортаңғы бассүйекке дейін жеткен. Соның салдарынан оң жақтағы есту жүйкесі қатты зақымданған. Бұдан бөлек, құлақтың ішіндегі дыбыс қабылдау құрылымдары бұзылған. Сотқа ұсынылған сурдологтардың қорытындысында Айнұр Нұрпейісоваға IV дәрежелі жарақаттан кейінгі "сенсоневралды кереңдік" диагнозы қойылғаны айтылды. Яғни оның оң құлағы мүлде естімейді», – деді қорғаушы.
Жадыра Құрымбаеваның айтуынша, бұл жарақаттың салдарын емдеу арқылы жою мүмкін емес. Оң құлақтағы естуді операция немесе басқа медициналық ем арқылы қалпына келтіру мүмкін болмайтыны айтылды. Ал болашақта жәбірленушіге есту аппараты қажет болуы ықтимал.
Осыған байланысты адвокат соттан Нұрпейісованы оқиға кезінде емдеген дәрігер мен нейрохирургті шақырып, жауап алуды сұрады. Қорғаушы мамандардың түсініктемесі жәбірленушінің басынан алған жарақаты мен кейінгі есту қабілетінің жоғалуы арасындағы байланысты анықтауға көмектеседі деп есептейді.
Еске салайық, оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. Тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Сол жерде жедел жәрдем фельдшері болып қызмет атқарған Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде құрылыс бөлшектерінің астында қалып, кейін алған жарақатынан қайтыс болды.
Осы оқиғаға қатысты тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.