Мәзір
Бүгін, 10:22 / BuginMedia / Жаңалықтар

«Шыда, сен сарбазсың»: Түркістан облысында әскерге сау кеткен жігіт балдақпен оралды

Түркістан облысында әскерге сау кеткен 19 жастағы сарбаз ауыр дертке шалдығып, үйіне балдақпен оралды, деп хабарлайды buginmedia.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

«Шыда, сен сарбазсың»: Түркістан облысында әскерге сау кеткен жігіт балдақпен оралды «Шыда, сен сарбазсың»: Түркістан облысында әскерге сау кеткен жігіт балдақпен оралды
видеодан алынды

Бақытжан Әмит Сарыағаштағы медицина колледжінің екінші курсында оқып жүрген. Былтыр қараша айында әскери комиссариат оның денсаулығында мін жоқ деп тауып, әскерге әкеткен. Жас жігіт Қапшағайда бес ай Отан алдындағы борышын өтеген. Алайда қызметке кіріскеннен кейін екі ай өткенде оның аяғы қақсап, дұрыс жүре алмай қалған.

Жігіт жағдайын айтып шағымданғанымен, әскери бөлім қызметкерлері оған тек шыдауды бұйырған. Уақытылы ем көрсетілмегендіктен, сарбаздың жағдайы ушығып кеткен.

«Жүрсем болды аяғым қақсатады. Аяғым ақсаңдап басатын болдым. Оны айттым. Сосын бір рет апарып көрсетті. Ол кезде бәрі дұрыс деді. Сосын әрі қарай шолтаңдап басып жүре бердім аяғымды. Оларға айтамын. Олар дым істемейді. Сонымен, жүре бердім. Ол жақта амал жоқ. Қанша айтсаң да қолыңнан дым келмейді. Шыдап жүре бересің, қанша ауырса да. Өйткені сен солдатсың», – деді Бақытжан Әмит.

Қапшағайдан кейін сарбаз Семей қаласына ауыстырылған. Ондағы дәрігерлер жігіттің жағдайын көріп, бірден дабыл қағыпты. Осылайша ол Астанадағы әскери госпитальға жіберілген. Елордада екі ай жатқан жауынгер ешқандай ем алмастан үйіне оралған. Анасы Сәуле Қуандықова сау кеткен баласының мүгедек болып келгеніне әскерилерді кінәлап отыр.

«Солдатты адам орнына көрмеген бұлар. Қанша қиналған, құлаған. Сонда бұл адам емес па? Әскерде ешқандай балаға жауап бермейді бұлар денсаулығына. Сап-сау баламды әкетті де, ақырында ауру болғаннан кейін бар, өзің емдет дегендей қылып әкеп тастап отыр. Мен келген кезде шок болып қалдым. Баламды енді қазір сүйретіп жүрмін», – деді Сәуле Қуандықова.

Жақындарының айтуынша, қазір ауруханалар жігітті медициналық сақтандыруы жоқ деген желеумен қабылдамай отыр. Ал Қорғаныс министрлігіне қарасты бас әскери-клиникалық госпиталь өкілдері сарбазға тиісті көмек көрсетілгенін алға тартты. Олардың сөзінше, науқастың жамбас және сан буыны зақымданған.

«Әскери қызмет барысында шағымдар пайда болғаннан кейін жан-жақты тексеру барысында буындардың туа біткен патологиясымен қатар несеп шығару жүйесінің қосымша аурулары анықталды. Анықталған аурулардың жиынтығы бойынша ол әскери-дәрігерлік комиссияға ұсынылып, әскери қызметке жарамсыз деп танылды. Және кейіннен берілген тәртіппен денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылды», – деді Қорғаныс министрлігі бас әскери-клиникалық госпиталінің бөлім бастығы Айдос Әлібаев.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2