Мәзір
Бүгін, 15:54 / BuginMedia / Жаңалықтар

«Бес қабатты үйге арналған материалмен 9 қабатты үй салынған»: Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сотта сұмдық дерек айтылды

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста құрылыс маманы Вероника Лабаева куәлік беріп, Тәуелсіздік даңғылы, 24 мекенжайындағы тұрғын үйге жүргізілген сараптама нәтижесін жариялады,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Бес қабатты үйге арналған материалмен 9 қабатты үй салынған»: Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сотта сұмдық дерек айтылды «Бес қабатты үйге арналған материалмен 9 қабатты үй салынған»: Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сотта сұмдық дерек айтылды
Фото: Инстаграм

Үйдің конструкциясына қатысты сәйкессіздік анықталған

Сарапшының айтуынша, тұрғын үй қаңқасыз жүйемен тұрғызылған. Ғимаратта 2.183 сериясына жататын Д-69 конструктивті торабы пайдаланылған.

Алайда бұл шешім тоғыз қабатты ғимаратқа арналмаған. Мамандардың қорытындысына сәйкес, аталған конструкция ең көбі бес қабатты үйлердің қабырғаларын салуға арналған.

«Бірінші кезекте, сараптама қорытындысында ғимараттың қабат саны бойынша 2.183 сериясының талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Нақты объектіде осы типтік шешім бойынша тоғыз қабат салынған. Ал аталған сериядағы Д-69 торабы қабырғаларды ең көбі бес қабатты ғимараттарда қолдануды көздейді», — деді Вероника Лабаева.

Оның сөзінше, сараптама кезінде нақты салынған нысан мен бастапқы жобалық құжаттар арасында елеулі айырмашылық бары анықталған.

Ғимаратта күшейту элементтері болмаған

Құрылыс маманының айтуынша, тоғыз қабатты үйде конструкцияны күшейтуге арналған армобелдеулер толық қарастырылмаған.

Сарапшы мұндай элементтердің болмауы ғимараттың кеңістіктік беріктігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі мәселе екенін атап өтті.

Сонымен қатар құрылыс кезінде қолданылған ерітіндінің беріктігіне байланысты да талаптар сақталмаған.

М25 маркалы ерітінді қолданылған

Оқиғадан кейін мамандар ғимараттағы кірпіш қалау конструкцияларынан зерттеу үшін үлгілер алған. Алайда оларды алу кезінде үлгілер үгітіліп, зертханалық талдау жүргізу мүмкін болмаған.

Кейін ерітіндінің М25 маркалы екені анықталған.

«М25 маркалы ерітінді жүк көтергіш конструкцияларда қолдануға арналмаған. Бұл – беріктігі төмен, қауіпсіздік тұрғысынан қажетті беріктік қоры аз ерітінді», — деді сарапшы.

Жобадағы жылу оқшаулағыш материал да ауыстырылған

Сараптама барысында жылу оқшаулағыш материалға қатысты да сәйкессіздік анықталған.

Жоба бойынша кірпіш қалау арасындағы жіктерде минералды мақта қолданылуы тиіс болған. Алайда құрылыс барысында бұл материал пенополистиролға ауыстырылған.

Вероника Лабаева ғимараттың опырылу себептерін анықтау кезінде құрылыс сапасымен бірге бастапқы конструкциялық шешімнің тоғыз қабатты үйге қаншалықты сәйкес болғанын да бағалау қажет екенін айтты.

Сот отырысында құрылыс маманын сұрау жалғасып жатыр.

Ұлдана Мырзуанның өлімі

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24 мекенжайындағы тұрғын үйдің фасадынан кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен еді.

Оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.

Оның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2