«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ПББ тестін алып тастау туралы шешім қабылдадық. Қазір бұл бағытта пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол қыркүйек айынан бастап басталады. Егер пилот өзінің тиімділігін көрсетсе, ПББ тестін барлық білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің аттестациясынан алып тастаймыз», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған басқа да өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазір педагогтер үшін негізгі талап ретінде тек сабақ беру және оқушылардың білімін бағалау үдерістері қарастырылуда.
Министрдің айтуынша, аттестаттау кезінде мұғалімнің кәсіби қызметіне қатысты бірнеше талап ескеріледі. Мәселен, бес жыл ішінде педагог төрт ашық сабақ өткізуі қажет.
Ал зерттеуші немесе жоғары санатты мұғалімдер жас мамандарға тәлімгерлік жасағаны үшін қосымша балл жинай алады. Сонымен қатар деструктивті мінез-құлық танытатын балалармен жұмыс істейтін педагогтерге арналған арнайы курс ұйымдастырылып жатыр. Мұндай оқушылармен жұмыс та мұғалімнің аттестациясы кезінде қосымша баллмен бағаланады.