Оның айтуынша, Ұлдананы жерлеген күні оны және марқұмның сіңлісін әкімдікке шақырған. Сол жерде Астана әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаты отбасыға 20 млн теңгені қолма-қол берген.
Қаражаттың 9 млн теңгесі Ұлдананың көлік несиесін толық өтеуге жұмсалған. Несие бойынша ай сайынғы төлем 210 мың теңге болған. Тағы 4 млн теңге марқұмның ата-анасына қайтарылған.
Қалған ақша Құран бағыштау, қой сою және басқа да жерлеу рәсімдеріне кеткен.
Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты
Сотта Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартқанын айтты. Оның сөзінше, ол кейін басқа отбасын құрып, үйленуіне байланысты осындай шешім қабылдаған. Бұған Ұлдананың анасы Сәлима Ешанқұлованың БАҚ арқылы жасаған өтініші де себеп болған.
Зейнел қайғылы оқиғаға байланысты ешкімді кінәламайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ұлдананың өз мамандығын шын сүйгенін атап өтті.