Мәзір
Бүгін, 16:08 / BuginMedia / Жаңалықтар

Жетісайдағы тойда уағыз айтып, қамауға алынған ақсақалдың қызы Тоқаевтан көмек сұрады

Түркістан облысы Жетісай қаласындағы тойда діни мазмұндағы пікір айтып, кейін қамауға алынған 66 жастағы ақсақалдың қызы Наргиза Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, істі әділ қарауды сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz politico.kz-ке сілтеме жасап.

Жетісайдағы тойда уағыз айтып, қамауға алынған ақсақалдың қызы Тоқаевтан көмек сұрады Жетісайдағы тойда уағыз айтып, қамауға алынған ақсақалдың қызы Тоқаевтан көмек сұрады
Коллаж Politico

Наргизаның айтуынша, әкесі ешқашан радикалды немесе экстремистік идеяларды қолдамаған. Оның сөзінше, тойға дейін исламдағы музыканың орны туралы бейнематериал көрген қария туыстарының ортасында сол жөніндегі жеке пікірін ғана айтқысы келген.

Қызының мәлімдеуінше, оқиға жабық форматта өткен отбасылық жиында болған. Ал қонақ ретінде шақырылған әнші Роза Әлқожа түсірілген бейнежазбаны қатысушылардың келісімінсіз әлеуметтік желіге жариялаған. Наргиза өз атынан және әкесінің атынан әншіден кешірім сұрап, ақсақалдың ешкімді әдейі ренжіту ниеті болмағанын жеткізді.

Ол қоғамда қызу талқыланған «ұрғашы» сөзіне де тоқталды. Наргизаның айтуынша, лингвист Құдайберген Жұбановтың еңбектерінде бұл сөздің түбірі ұрпақ жалғастыру мағынасымен байланыстырылған. Сондықтан ауыл ақсақалдары бұл атауды қорлау мақсатында емес, қалыпты қолданыс ретінде пайдаланып келгенін айтты. Сондай-ақ қызы әкесінің отбасында әйелдерді құрметтейтін, анасына ешқашан қол көтермеген адам екенін атап өтті.

Наргизаның сөзінше, соңғы жылдары әкесі бірқатар ауыр жағдайды бастан кешірген. Екі ұлы сотталған, биыл қаңтар мен мамыр айларында екі бауырынан айырылған. Сонымен бірге өткен қыста жансақтау бөліміне түсіп, өміріне қауіп төнген. Бұған дейін ауыр жол апатына ұшырап, басына күрделі нейрохирургиялық ота жасатқан. Қазір жүрек ауруына байланысты тұрақты ем қабылдайды. Отбасының пікірінше, осы жағдайлардың барлығы оның психологиялық күйіне әсер етіп, кейде эмоцияға беріліп сөйлеп қоюына себеп болған.

Осыған байланысты Наргиза Мемлекет басшысынан бірнеше секундтық бейнежазбаға ғана сүйенбей, істің барлық мән-жайын жан-жақты әрі әділ қарауға ықпал етуді сұрады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде әкесін қорлап, ар-намысына тиетін жазбалар жариялаған блогерлер мен танымал тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.

Еске салайық, тамыз айының басында Жетісайдағы той кезінде 66 жастағы ер адам өнер адамдарын «шайтанның қызметшісі» деп атап, мерекелік жиындарда музыкаға тыйым салуды және ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуды ұсынған болатын. Оқиға бейнежазбасы әлеуметтік желіде кең тарағаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәлімдемелерді айыптады. Кейін полиция ер адамды ұстап, діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұған дейін Президент әкімшілігінің өкілі Ерлан Қарин Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салып, қоғамда осы қағидаттарды қатаң сақтау қажеттігін мәлімдеген еді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2