Мәзір
Бүгін, 10:08 / BuginMedia / Жаңалықтар

Қазақстанға шетелден көлік әкелу талаптары қатаңдатылмақ

Қазақстанда рөлі оңнан сол жаққа ауыстырылған көліктерді әкелуге қойылатын талап күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстанға шетелден көлік әкелу талаптары қатаңдатылмақ Қазақстанға шетелден көлік әкелу талаптары қатаңдатылмақ
Фото: Depositphotos.com

Тиісті түзетулерді Сауда және интеграция министрлігі әзірледі. Жобадағы негізгі өзгерістердің бірі – рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерге қатысты. Ұсынылған нормаға сәйкес, мұндай автокөліктерге көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік берілмейді. Яғни рөлі ауыстырылған көліктерді тіркеуге шектеу қойылмақ.

Kolesa.kz мәліметінше, 2023 жылы көліктерді заңдастыру науқаны басталғаннан бері Қазақстанға мұндай автокөліктер жаппай әкелінбеген. Дегенмен, билік бұл схеманың қайта қолданылуына жол бермеу үшін тыйымды заң жүзінде алдын ала бекітуді көздеп отыр.

Жаңа өзгерістер төтенше шақыру жүйесіне де қатысты болмақ. Соңғы бірнеше жылда шетелден көлік әкелетін азаматтар арнайы SOS құрылғылары кейде орнатылмаған күйде берілетінін, ал тексеру кезінде олардың төтенше қызметтермен байланысқа шыға алмайтынын айтып шағымданып келген.

Осыған байланысты зертханаларға SOS түймесінің жұмысын тексеру процесін бейнежазбаға түсіру міндеттелуі мүмкін. Видеода көліктің сәйкестендіру нөмірі (VIN) анық көрінуі тиіс. Ал зертханалар бұл жазбаларды кемінде үш жыл сақтауға міндетті болады.

Сауда және интеграция министрлігінің түсіндіруінше, мұндай талап көлікті нақты тексермей-ақ қауіпсіздік сертификатын беру фактілерінің алдын алуға бағытталған.

Бұл өзгерістер автокөліктердің «сұр» импортын шектеу шараларының бір бөлігі саналады. Бұған дейін маусым айында Премьер-министр заңсыз немесе бақылаусыз көлік әкелуді қиындататын қосымша тетіктер әзірлеуді тапсырған еді. Жаңа талаптар 1 қыркүйектен бастап күшіне енуі мүмкін.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2