АҚШ президенті Дональд Трамп БАҚ-та тараған вице-президент Джей Ди Вэнсті 2028 жылғы президент сайлауында өзінің мұрагері ретінде таңдады деген ақпаратқа пікір білдірді. Оның айтуынша, Вэнсті жоғары бағалайды, алайда мұндай мәселені талқылау әлі ерте.
«Бұл туралы жақында ғана естідім. Меніңше, ол – тамаша кандидат. Бірақ бұл туралы ойлау әлі тым ерте», – деді Трамп Ақ үйдегі Сопақ кабинетте журналистерге.
Трамптың бұл мәлімдемесі The Washington Post газетінің жарияланымынан кейін жасалды. Басылымның жазуынша, АҚШ президенті жеке кездесулерде Джей Ди Вэнсті 2028 жылғы сайлауда Республикалық партия атынан ұсынылатын үміткер ретінде көргісі келетінін айтып, донорларға оны өзінің ықтимал мұрагері санайтынын жеткізген.