"Бүгін Comic Con Astana 2026 фестивалі басталады. Осы фестивальға қатысуды менің қызым Айсәуле армандаған еді. Ол сүйікті кейіпкерінің косплей костюмін алдын ала сатып алып, осы күнді асыға күткен болатын. Егер Айсәуле 1 сәуір күні өз еркімен өмірден кетуді жоспарлаған болса, неге ол 6 тамызда өтетін Comic Con-ға дайындалды? Неге костюм сатып алып, болашаққа жоспар құрды? Жауабы біреу ғана. Оның өмірі өз жоспарымен емес, кибералаяқтардың әрекеті салдарынан үзіліп қалды", – деп жазды ол.
Саябек Қанаханың айтуынша, бұл тек олардың отбасының қайғысы емес. Оның сөзінше, Қазақстанда күн сайын мыңдаған адам кибералаяқтардың құрбанына айналып, бірі ақшасынан, енді бірі денсаулығынан айырылып, кейбір отбасылар ең жақын адамынан көз жазып қалып жатыр.
Қызының ісін зерттеу барысында ол киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жүйесінде бірқатар жүйелік кемшіліктерді байқағанын айтты. Осыған байланысты балалар мен азаматтарды қорғауға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеп, петиция жариялаған.
"Мен Айсәуле ісін зерттеу барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жүйесіндегі бірқатар жүйелік кемшіліктерді көрдім. Сондықтан балалар мен азаматтарды қорғауға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеп, оларды петиция ретінде жарияладым. Ол жақын арада модерациядан өтті. Бұл петиция – өткенді өзгерту үшін емес. Ол басқа отбасылар біздің қайғымызды қайталамауы үшін қажет. Егер Сіз де Қазақстанда балалар мен азаматтарды кибералаяқтардан қорғау жүйесін күшейту қажет деп санасаңыз, петицияны қолдауыңызды сұраймын. Бір ғана қолтаңба ештеңені өзгертпейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ мыңдаған қолтаңба заңнаманы өзгертуге себеп бола алады", – дейді қыздың әкесі.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 сәуірінде Астанадағы Есіл жағалауынан 20 жастағы Айсәуленің мәйіті табылған. Марқұмның басына полиэтилен пакет кигізілген, ал маңдайында көгерген із болғаны айтылды. Алайда полиция істі бірден «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркеген. Марқұмның туыстары оның өліміне кибералаяқтардың әрекеті себеп болды деп есептеп, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп келеді.