Іс материалдарына сәйкес, оқиға 11 сәуір күні кешке болған. Әкесі мен ұлы бірге алкоголь ішкеннен кейін араларында жанжал шыққан.
Тергеу мәліметінше, жанжал кезінде ұлы алдымен ұйықтап жатқан әкесіне шабуыл жасап, оны тұншықтырмақ болған. Әкесі оның қолынан босап шығып, асүйден пышақ алып, ұлына бірнеше рет соққы жасаған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші іш тұсынан бір, арқасынан бес пышақ жарақатын алған. Салдарынан бауыры, ішегі мен қабырғалары зақымданып, бұл жарақаттар денсаулыққа ауыр зиян ретінде бағаланған.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, оқиғадан кейін әкелі-балалы татуласқан. Ол өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Жәбірленуші де жанжалды өзі бастағанын растады және әкесіне жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының шын өкінгенін, тараптардың татуласқанын және жанжалға жәбірленушінің заңға қайшы әрекеттері себеп болғанын ескерді. Ал мас күйде қылмыс жасауы жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Нәтижесінде сот ер адамды үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, пробациялық бақылау белгіледі. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамаудан босатылды.