Әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да реакциясына себеп болған уағыздан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысы тұрғынының көпшілік алдында айтқан сөзі бейнеленген видео анықталған. Оның сөздерінен діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілері байқалғандықтан, полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
"ҚР Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, шыққан тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік береді. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілер бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулерге, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді. Сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайды. Заң бұзушылық белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық тұрғыдан принципті баға беріледі", – деп мәлімдеді ІІМ.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетісай қаласында өткен отбасылық тойдан түсірілген видео тарады. Онда той қонақтарының бірі музыканы «харам» деп атап, әншілерді «шайтанның жаршылары» деп сипаттаған. Сондай-ақ ол әйелдердің ар-намысына тиетін қорлайтын сөздер айтқан.
Осыдан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жасап, ислам діні барлық музыканы бірдей харам деп санамайтынын атап өтті. Сонымен қатар ҚМДБ өнер адамдарына тіл тигізу мен әйелдерді қорлайтын мұндай мәлімдемелердің ислам қағидаттарына қайшы екенін мәлімдеді.