Арман Әубәкірдің сөзінше, бойжеткеннің Қытай азаматына тұрмысқа шығуына әкесі қарсы болған. Алайда қызының шешімі өзгермеген.
«Бұл оқиғаны бірге оқыған курстастарым, достарым айтып берген еді. Бұл – ертеректе болған оқиға. Бір бойжеткен қыз Қытай азаматымен тұрмыс құрмақшы болады. Оған әкесі батасын бермей, ренжиді. Соған қарамастан, қыз тұрмысқа шығып, той өтіп жатады. Той үстіне әкесі барған бойда өз қызын атып тастапты. Одан кейін ол өмір бойына түрмеге қамалды ма, әлде өз-өзіне қол жұмсады ма, әйтеуір осындай қайғылы аяқталған жағдай болған екен», – деді Арман Әубәкір.
Журналист бұл мысалды айта отырып, мұндай қатал көзқарастардың бұрынғы қазақ қоғамында да кездескенін жеткізді. Сондай-ақ, өзінің әкесінен де қатаң тәрбие көргенін еске алды.
«Мұндай қаталдық пен берік ұстанымдар кезінде қазақ қоғамында да болған ғой. Ұл-қызы өз дегеніне бағынбай, отбасы ережесін бұзса, ата-аналар өте қатал шаралар қолданған. Маған тіпті өзімнің әкем де қатты ашуланғанда: "Сені өзім өмірге әкелдім, өзім өлтіремін!" деп айтатын. Негізінде, қатты ашу үстінде сондай сөздерді қолданатын еді. Біз де, расында, әкемізден қорқып өстік. Ал қазіргі әкелерде, соның ішінде өзімде де бұрынғыдай сес, айбын жоқ», – деді журналист.