CENTCOM мәліметінше, соққы жасалған нысандардың қатарында Вашингтонның мәлімдеуінше, Иорданияда америкалық әскери қызметкерлердің қаза болуына әкелген шабуылға қатысы бар бөлімшелер болған. АҚШ әскери қолбасшылығының өкілдері Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) бұл оқиға үшін «дереу жауапқа тартылуы тиіс» деп мәлімдеді.
Өз кезегінде Иранның Fars және Tasnim агенттіктері соққылар Ормуз бұғазы маңындағы Сирик елді мекенінің ауданына жасалғанын хабарлады. КСИР-дің мәліметінше, бұған дейін осы аймақта зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен төрт кеме тоқтатылған.
Иран билігінің пікірінше, жалғасып жатқан қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазы халықаралық кеме қатынасы үшін іс жүзінде жабылған.
Жауап ретінде Иранның мемлекеттік радиосы елдің қарулы күштері Кувейттегі АҚШ-тың екі әскери базасына дрондармен соққы жасағанын хабарлады. Тегеранның мәліметінше, шабуылдар Удайри лагеріндегі оқ-дәрі қоймасына және Әли әл-Салем әуе базасының радиолокациялық жүйелеріне бағытталған.
Жағдайдың қайта ушығуына байланысты Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи АҚШ-қа қатысты қатаң мәлімдеме жасап, Вашингтонға «ұмытылмас сабақ» берілетінін ескертті. Оның айтуынша, АҚШ-тың әрекеті бұған дейін қол жеткізілген келісімдердің сенімсіз екенін көрсетеді.
Соған қарамастан, тараптар дипломатиялық келіссөздерді жалғастырып жатыр. Deutsche Welle мәліметінше, АҚШ пен Иран маусым айының ортасында 60 күн ішінде бейбіт келісім әзірлеуді көздейтін негіздемелік келісімге қол қойған. Алайда әзірге келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу байқалмай отыр.