Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да қабылдауға дайын екенін айтты. Оның ішінде өмір бойына бас бостандығынан айыру мен өлім жазасы да бар екенін жеткізді.
Сәрсемәлиевтің сөзінше, қылмысқа отбасындағы ұзаққа созылған жанжалдар мен психологиялық қысым себеп болған. Ол Ақбаян Мұқанғалиевамен он жыл бірге өмір сүріп, бес бала тәрбиелегенін айтты. Айыпталушы әйелінің туыстары олардың отбасылық өміріне араласып, ажырасуға ықпал еткенін мәлімдеді. Сондай-ақ өзін балаларымен қорқытып, ар-намысына тиетін сөздер айтылғанын жеткізді.
Оның айтуынша, отбасын сақтап қалуға бірнеше рет әрекет жасағанымен, үздіксіз кикілжің мен қысым ақыры қайғылы жағдайға әкелген.
«Мен жасаған қылмыстарым үшін жауапкершілік көтеруге, тағайындалатын кез келген жазаға мейлі ол өлім жазасы болсын, мейлі өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын дайынмын. Менің барлық әрекетіме басты себеп — менің отбасыма және маған қарсы, некемді бұзуға бағытталған қасақана әрекеттерге әдейі жауап беруім болды», — деді сотталушы.
Істі аса ауыр қылмыстар бойынша судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.