Мәзір
26 қаңтар, 2026 / BuginMedia / Саясат

Құрылтай депутаттарына министрлерді қызметтен босату құқығы берілмек

Құрылтай депутаттарына министрлердің есептеріне бастамашылық ету және заңдар орындалмаған жағдайда оларды қызметтен босатуды талап ету құқығын беру ұсынылды.Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында сенатор Нұрлан Бекназаров мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Құрылтай депутаттарына министрлерді қызметтен босату құқығы берілмек Құрылтай депутаттарына министрлерді қызметтен босату құқығы берілмек
Фото © Tengrinews.kz

«Жекелеген нормада Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірін құрайтын тобы Үкімет мүшелерінің қызметі бойынша есептерін тыңдауға бастамашылық етуге, сондай-ақ заңдар орындалмаған жағдайда есептерді тыңдау қорытындысы бойынша Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы ұсыныспен жүгінуге құқылы екені бекітіледі», - деді депутат.

Сенатордың айтуынша, мұндай жағдайда Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы шешімді Президент қабылдайды.

Сонымен қатар, Құрылтай депутаттары Жоғарғы соттың судьяларын сайлау және Президенттің ұсынуы бойынша оларды қызметінен босату құқығына ие болады деп көзделіп отыр.

«Конституциядағы Мәжіліс депутаттарының Үкіметке көпшілік дауыспен сенімсіздік білдіру құқығы туралы норманы Құрылтайға беру ұсынылады. Сондай-ақ Конституциялық соттың жыл сайынғы есебін және Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) бюджеттің атқарылуы туралы жылына екі рет берілетін есебін өзгеріссіз қалдырып, Құрылтайдың құзыретіне беру ұсынылады», — деді ол.

Бекназаровтың атап өтуінше, Құрылтай аталған есепті қабылдамаған жағдайда бұл Үкіметке сенімсіздік білдіру болып есептеледі.

Бұған дейін Қазақстанның жаңа Парламенті — Құрылтай — заң жобаларын үш оқылымда қарайтыны хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламентінің атауы өзгеретінін мәлімдеген еді. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының негізгі ұсыныстарын таныстыра отырып, Мемлекет басшысы Парламенттің жаңа атауын — Құрылтай деп атауды ұсынды.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2