Сотта анықталғандай, Н. медициналық «ЖШС»-тің құрылтайшысы бола отырып, 2023 жылдың сәуір–шілде айлары аралығында Медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру мақсатында азаматтарды өз ұйымына жалған тіркеу схемасын ұйымдастырған. Бұл мақсатта ол Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының Астана қаласындағы бөлімшесінде қызмет атқарған А.-ға ақшалай сыйақы ұсынып, азаматтарды тіркеу жөніндегі жалған өтініштерді заңсыз бекітуді ұсынған. А. бұл ұсынысқа келісіп, өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жалған құжаттарды мақұлдаған.
Нәтижесінде аталған медициналық ұйымға 15 мыңнан астам азамат жалған тіркеліп, Медициналық сақтандыру қорына шамамен 80 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Оның ішінде 7,5 млн теңге А.-ның тікелей әрекеттерінен келген шығынды құрайды. Заңсыз алынған қаражат сотталушылар арасында бөлінген.
Сот отырысында прокурор Н.-ға 5 жыл, ал А.-ға 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәларын толық мойындап, қорғау тарапы шартты жаза тағайындауды өтінді.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың бұрын сотталмағанын, кінәні мойындап, шын жүректен өкінгенін және кәмелетке толмаған балаларының барын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Алайда келтірілген залалдың өтелмеуін және қылмыстың ауырлығын назарға ала отырып, сот Н.-ға орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал А.-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленіп, амнистия туралы заңға сәйкес жаза мерзімі 1/5-ке қысқартылып, түпкілікті түрде 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.