Актрисаның айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы «бақытты әйел» бейнесін ұстанып, шын мәнінде басынан өткен қиындықтарды жұрттан жасырған.
«Жеке өмірімді айтпай келіп едім. Бірақ енді көрермен үшін бәрін ашық айтқым келеді. Менің де өз шындығым бар. Көп жыл бойы елдің алдында бақытты адам сияқты көрінуге тырыстым. Елдің адамымын ғой деп, көп нәрсені ішімде сақтаппын. Бірақ бекер екен», – деп жазды Бадықова.
Дариға отбасылық өмірінде бақыт таппағанын және көптеген ауыр сәттерді бастан өткергенін де айтады.
«Біз бақытты өмір сүрмедік. Тұншығып өткен күндерім көп болды. Киноға түспей тұрып-ақ ажырасқанмын. Ағайыннан ұят деп ұзақ уақыт үндемей жүрдім. Өзімді жоғалтпау үшін өнерге ден қойдым. Өнерде ғана өзімді бақытты сезінемін», – деді актриса.
Сондай-ақ ол отбасындағы материалдық жауапкершілік те көбіне өз мойнында болғанын жайып салды.
«Кетіп қалсам да, ақша сұрап мазамды алған. Бір кездері беріп жүрдім, кейін тоқтаттым. Бірақ ажырасып кетсек те, жаным ашып, көмектесіп тұрдым. Достарым мені тоқтатпаса, әлі де берер едім. Ақша бермей қойған соң, мен туралы өтірік әңгімелер тарата бастады», – деді ол.
Сөзінің соңында Дариға Бадықова әйел мен еркектің табиғи рөліне қатысты өз ойын білдірді:
«Әйелдің табиғаты – еркекті асырау емес. Менің табиғатым оған қарсы шықты», – деп түйіндеді актриса.