Бұл туралы Перизат Қайрат Астанда сот процесі басталар алдында мәлімдеді.
"Мен айналамда болып жатқаг. оқиғалардан моральдық тұрғыда шаршадым... Тергеу изоляторы қызметкерлерінің ұрып-соққаны туралы енді ашық айта аламын. Астана қалалық прокуратурасында қылмыстық іс қозғалды. Қазір жағдайым жақсы", - деді Перизат Қайрат.
Журналистер одан осы жағдайға байланысты құқық қорғаушылардан көмек сұраған-сұрамағанын нақтылады.
"Бүгінгі күнге дейін қандай өтініш берсем де, маған қоғамдық қорғаушы берілмеді. Анамды бүгін бірінші рет көріп отырмын. Анам 18 наурызда ғана күдікті ретінде танылды. Менің барлық заңды құқығым бұзылды", - деді ол сот залында жылап.
Сотталушы журналистерге ашық сот процесіне қарсы емес екенін айтты, бірақ анасын түсірмеуді өтінді.
Істің мән-жайы
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Ол бұл қаражаттар мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалатынын айтқан.
Тергеу амалдарының нәтижесіне сай, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құраған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына түскен қаражатты өзінің жеке және анасы Ғайша Алашбаеваның есепшотына аударып отырған. Кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.
2025 жылдың наурызында күдікті басқарған Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоры жабылды.
Қорды жою туралы талаппен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Әділет департаменті жүгінген. Шешімді Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қабылдаған.