Қаралы хабар туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметі мәлім етті.
Сламбек Тәуекел 1948 жылы 2 сәуірде Павлодар облысында дүниеге келген.
"Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі кинорежиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Сламбек Тілеуқабылұлы Тәуекелдің дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне қайғыра көңіл айтады", - делінген ақпаратта.
Сламбек Тілеуқабылұлы – қазақ киноөнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Тарихи-көркем фильмдердің бірқатарын дүниеге әкелген кәсіби режиссер, білікті сценарист әрі продюсер ретінде ұлттық руханияттың өркендеуіне еңбек сіңірген өнер қайраткері. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, жас мамандардың тәрбиесіне де зор үлес қосты.
Отандық кино тарихында, өнер мен мәдениет шежіресінде жарқын із қалдырған ардақты азаматтың ғибратты ғұмыры халқының жадында мәңгілік сақталады.