Бұл туралы Мәжілісте депутат Ринат Зайытов айтты.
«Бізде хандарымыз бен батырларымызды насихаттайтын бірде-бір мультфильм жоқ. Осыдан кейін ауылда бірауыз орысша білмейтін ата-ананың баласы орысша сайрап жүр деп ренжиміз. Өйткені балалар көретін анимация орыс тілінде. Қазақстандағы жағдайға келсек, 5 жылда 1,4 млрд теңгеге «Қазақфильмде» 47 анимациялық фильм түсіріліпті. Мұндай қаржыландырудан кейін бізде бір серпіліс болу керек қой. Олай болмады. 47 фильмнің төртеуі ғана телеарналардан көрсетілген», – деді Ринат Зайытов.
Депутаттың айтуынша, қалған мультфильмдердің ешқайсысы да экранға шықпаған. Кейбірі Qazaq animation деген youtube платформасындағы арнаға шыққан. Бірақ ол платформаның да мүмкіндіктері шектеулі. Арнаға жазылғандары саны небәрі 475 адам екен.
«Бұл арнаға 12-і туынды орналастырылған. Олардың кейбірі 383 қаралым жинаған. Тек біреуі ғана 44 мың қаралым жинапты. Болды. Қазіргі цифрландыру заманында біз неге артта қалып жатырмыз. Қаржыландыру бар. Үлкен қаражатқа түсірілген туындылар неге аудиторияға жетпейді? Неге бұл салада ілгерілеу жоқ?», – деп сұрады Зайытов.
Халыққа арналмаған мультфильмдер түсірілген
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева біраз уақытқа дейін елде анимациялық өнім болмағанын айтты. Сондай-ақ үлкен қаражатқа түсірілсе де, бұл мультфильмдер халыққа арналмаған екен. Айтуынша, 47 мультфильмді халыққа көрсету үшін құқықтық негізі болмаған.
«47 өнімді бұқара халыққа көрсету үшін құқықтық негіз жоқ болды. Өйткені ең басты халықаралық шарт ондай өнімдер әртүрлі деңгейдегі халықаралық фестивальдің шеңберінде байқаулардан өтуі керек. Бұл жұмыс қазір жүргізіліп жатыр. 47 фильмнің жартысы фестивальдерден өтті. Осыған дейін мультфильмдерді цифрлық маркетинг арқылы жылжытып, цифрлық платформаларда тарату жүйесі бізде болған жоқ. Біз оны тек 2024 жылдан бастап қана қолға алдық. Қазіргі таңда жаңа анимациялық өнімдердің 25-і «Қазақстан» арнасы арқылы, 69-ы «Хабар» телеарналарында орнатылды», – деді министр.
Айта кетсек, осыған дейін депутат қазақ фильмдерінің де дәл осындай күй кешіп жатқанын айтқан болатын. Зайытов 2025 жылға Ұлттық фильмдерді қолдау мен дамытуға 3,7 млрд теңге қарастырылып отырғанын, осындай қаражат бөлінгенімен мемлекеттің қолдауымен түсірілген туындылардың прокатқа шығып касса жинамайтынын атап өткен еді. Балаева ол кезде де жұмыс жасалып жатқанын, алдағы уақытта бірнеше жақсы туындының үлкен экрандарға шығатынын мәлімдеген.