Қазіргі уақытта зардап шеккендер түрлі деңгейдегі күйік жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Аймақ басшысының тапсырмасымен Атырау қаласынан күйік орталығының мамандары медициналық көмек көрсетуге қосымша күш ретінде жіберілді.
Облыс әкімі төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке оқиға орнындағы іс-шараларды толықтай үйлестіруді, өртті оқшаулау және салдарын мейлінше азайтуды, сондай-ақ өрт аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 2025 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша Құлсарыдағы “Ниет” жанар-жағар май құю бекетіндегі өрттен зардап шеккен 14 адам шұғыл түрде Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың өміріне қауіп жоқ.
"Бастапқы медициналық тексеру мен тиісті диагностикадан соң 10 науқас ауруханаға жатқызылды. Төрт адам амбулаториялық бақылауда. Қазіргі жағдайда ауыр реанимациялық науқас жоқ. Ауруханаға жатқызылған 7 науқастың жағдайы — орташа ауыр, 3 пациенттікі — тұрақты", - делінген ақпаратта.
Жанармай бекетінде болған жарылысқа қатысты аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, кешенді тергеу амалдарын бастады. Полиция қызметкерлері дереу жетіп, қауіпті аумақты қоршауға алып, жедел қызметтердің жұмысын үйлестіруге кірісті.
"Автокөліктердің қозғалысы бақылауға алынып, кезекшілік ұйымдастырылды. Жедел жағдай бақылауға алынды", - делінген хабарламада.