Қазақ-қырғыз шекарасында бір айдың өзінде 10 мың тонна бензин заңсыз тасымалданған. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Дереккөзге сүйенсек, қырғыз көліктер бензинді көлігінің багына немесе қолдан жасалған қосымша бактарына құйып алып, заңсыз әкетіп жатыр.
«Қаржы мониторинг агенттігі шекара маңындағы өңірлерде жанар-жағармайды елден шығаруға қарсы бірлескен бақылауды күшейтуге қатысты ведомствоаралық кездесу өткізді. Баға айырмашылығына байланысты жеңіл көліктер көлігінің багына және қолдан жасалған багына бензин құйып алып, оны ел аумағынан заңсыз әкетіп жатыр. Тек қазақ-қырғыз шекарасында айына осындай тәсілмен 10 мың тонна бензин тасымалданады», – деп хабарлады ҚМА.
Жалпы, жыл басынан бері жанар-жағармай тасымалына байланысты 21 қылмыстық іс тіркелген. Бұл заңсыз айналымның көлемі 3,5 мың тоннадан, ал құны 900 млн теңгеден асқан.