Мәзір
27 қаңтар, 2025 / BuginMedia / Әлеумет

Дикий Арман мен экс-депутат Қайрат Құдайбергенге сот үкімі шықты

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арман Жұмагелдиевке, Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Дикий Арман мен экс-депутат Қайрат Құдайбергенге сот үкімі шықты Дикий Арман мен экс-депутат Қайрат Құдайбергенге сот үкімі шықты
Фото: instagram.com/armandzhumageldiev

Сот мәліметіне сәйкес, 2016 жылы ҚР ҰҚК 5-ші департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Ысқақов Жұмагелдиевті Ұлттық қауіпсіздік органдары тарапынан қамқорлыққа алуға уәде берген. Бұл келісімнен кейін Жұмагелдиев Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде қылмыстық ұйымды қалыптастыруға кіріскен.

Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасынан бұрын алдын ала 2021 жылы желтоқсан айында Қазақстанға келген. Ал 2022 жылы қаңтар айында жаппай тәртіпсіздік басталғанда «Қазақстан» қонақ үйінде штаб ұйымдастырған Қайрат Құдайбергеннен шақырту алып, сонда қарулы топтың іс-әрекеттерін басқарып отырған.

Сот анықтағандай, 2022 жылы 5 қаңтар күні Жұмагелдиев бастаған топ Республика алаңына екі рет шыққан. Олар билікке талап қою үшін «Халықтық кеңес» түріндегі конституциялық емес орган құруды жоспарлаған. Кейін Жұмагелдиев жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар санын көбейту үшін Алматы мен Шымкент қалаларынан өз бандасының адамдарын шақырған.

2022 жылдың 5 қаңтарынан 6-сына қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталғаннан кейін Ысқақов жаппай тәртіпсіздік бойынша жоспардың сәтсіздігін түсініп, қылмыс іздерін жасыруға кіріседі. Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен ол Жұмағелдиевке адамдарды ұрлап, оларды «Қазақстан» және «The Ritz Carlton Almaty» қонақ үйлерінде ұстауға нұсқау берді.

Осылайша банда мүшелері барлығы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соққан. Мысалы, «The Ritz Carlton Almaty» қонақ үйінің жанында Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының 15 мүшесі өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, ондағы 5 азаматты ұстап алған. Кейін жәбірленушілерді қонақ үйдің жерасты паркингіне мәжбүрлеп апарып, іш киімдері қалғанша шешіндіріп, ұрып-соққан. Банда мүшелері жәбірленушілерді жаппай тәртіпсіздіктер мен бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқанын мойындауға мәжбүрлеген.

Сонымен қатар Жұмагелдиев өзі ұйымдастырған қылмыстардың іздерін жасыру үшін Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру машинасын қайтарып, 12 қалалық аурухананы күзетке алған, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болды.

— Іс қатысушыларының аталған қылмыстық әрекеттері куәгерлердің тұрақты айғақтарымен, сараптамалармен, сотта зерттелген бейне дәлелдемелермен расталады, — деп хабарлады соттан.

Сот үкімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Р. Ысқақов ҚР ҚК-нің 262-бабы 3-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 268-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қ.Құдайберген ҚР ҚК-нің 272-бабы 1,2-бөліктері, 126-бабы 2-бөлігі, 1 және 7-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына — Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелеріне (барлығы 13 адам) 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Апта талқысында: