Мәзір
18 желтоқсан, 2024 / BuginMedia / Әлеумет

«ҚазАвтоЖол» бұрынғы басшысы сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты М. және Ж.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады, деп хабарлады buginmedia.kz.

"ҚазАвтоЖол" бұрынғы басшысы сотталды "ҚазАвтоЖол" бұрынғы басшысы сотталды
Фото: qaj.kz

Қылмыстық тергеу органы М. және Ж.-ға қызметтік жағдайын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салды деп айып таққан (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы).

Істің мән-жайы

Тергеу барысында М. және Ж.-ның 2000 жылдардан бері таныс екендігі анықталған.

М. 2017-2019 жылдары Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, 2019-2021 жылдары облыс әкімінің орынбасары болған және автомобиль жолдарындағы, оның ішінде Есіл өзені арқылы өтетін көпірдегі «Жақсы-Есіл-Бузулук» автожолындағы проблемалар туралы білген.

2019 жылы М.-ны облыс әкімінің орынбасары етіп тағайындаған.

Сол жылы «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Ақмола филиалы мен Ж. тұлғасында «Асыл-ЖАС» ЖШС арасында осы көпірді жөндеу бойынша 2,2 млрд. теңге сомасына сатып алу туралы шарт жасалды. Сотта ақша мердігерге аударылмағаны анықталды.

М. 2021 жылғы сәуірде «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

2021 жылғы 16 маусымда Тапсырыс берушінің бастамасы бойынша шарт бұзылып, мердігер атынан «Асыл-ЖАС» ЖШС оның әрекеттерін сот тәртібінде дауламаған.

2021 жылғы шілде-тамыз айларында Ж. және мүдделі тұлғалардың қатысуымен кеңес ұйымдастырып, онда «Асыл-ЖАС» ЖШС-мен бір көзден алу тәсілімен шарт жасасу туралы мәселеге бастамашы болған.

Мұндай кеңесті өткізуге негіз болмаған.

Ж.-ның ешқандай жазбаша өтініші түспеген.

2021 жылғы 20 қазанда М. «Асыл-ЖАС» ЖШС директоры Ж. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-на бұрын бұзылған 2019 жылғы шарт бойынша АҚ-ның оның компаниясының алдындағы берешегі бойынша сот талаптарын қояды деген сылтаумен Есіл өзені арқылы көпір салумен 80-82 км. «Жақсы-Есіл-Бузулук» Р-13 Республикалық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу бойынша 2,2 млрд. теңгеден астам сомаға «Dike» және «Асыл-ЖАС» ЖШС консорциумымен бір көзден сатып алуды жүзеге асыру туралы заңсыз бұйрық шығарған.

Бұл ретте соттардың 21.01.2020 жылғы «Асыл-ЖАС» ЖШС-не қатысты және 07.10.2021 жылғы «Dike» ЖШС-не қатысты шешімдерімен тиісінше кредиторлық берешегі 264 миллион теңгеден және 685 миллион теңгеден асатын оңалту рәсімдері қолданылды.

Осылайша, консорциум мүшелері қаржылық тұрақсыз компаниялар болып, оларда шарттың орындалуын қамтамасыз етудің нақты мүмкіндігі болмады.

2021 жылғы 21 қазанда М. шығарған бұйрық негізінде Ақмола филиалы Ж. тұлғасындағы «Dike» және «Асыл-ЖАС» ЖШС консорциумымен шарт жасасты.

2021 жылғы 28 желтоқсанда шарт шеңберінде «Асыл-ЖАС» ЖШС есептік шотына 200 млн. теңге сомасында аванс аударылып, М. және Ж. оларды ұрлап, талан-таражға салған.

Мемлекетке келтірілген залал өтелмеген.

Сот тергеуінің қорытындысы бойынша М. және Ж. ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, аудиторлық есептердің, мамандардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор сотталушыларға қосымша жаза тағайындай отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылар кінәні мойындамай, оларды ақтауды сұрады.

Сот неге және қандай жаза тағайындады
ҚК 189-бабы 4-бөлігінің санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың әрекеттерінде М. және Ж.-ның жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескерген: ол жас балалардың болуы және соттылықтарының болмауы.

Жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ.

Жасалған қылмыстың мән-жайын және оның ауырлығын, мемлекетке келтірілген аса ірі залалдың өтелмегенін, жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайдың болмауын ескере отырып, сот сотталушыларға:

М.-ға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза;

Ж.-ға мүлкі тәркіленіп, қаржы және коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқаруға тыйым сала отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Жәбірленуші «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ азаматтық талап қоюы қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Апта талқысында: