Көкшетауда жанармай құю бекетінен бензин құйғаннан кейін бірнеше көлік жолда тоқтап қалған. Мамандар отынның құрамынан су мен бөгде қоспалар анықтаған. Салдарынан кейбір автокөліктің қозғалтқышы мен жанармай жүйесіне күрделі жөндеу қажет болуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.
31 арнаның дерегіне қарағанда, жүргізушілердің сапасыз бензинге қатысты шағымдары Көкшетаудың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланған. Оқиға Зеренді тасжолына шыға берістегі жанармай құю бекетінде болған. Бензин құйғаннан кейін көліктері істен шыққан жүргізушілер қалаға жаяу жетуге мәжбүр болған.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне берілген мәлімет бойынша, оқиғадан шамамен 15 автокөлік зардап шеккен. Алайда куәгерлер көлік саны бұдан да көп болғанын айтады.
Жанармай бекетінің басшылығы түсініктеме беруден бас тартқан. Ал қалалық бөлімнің хабарлауынша, зардап шеккен көліктер отын жүйесін тазарту үшін техникалық қызмет көрсету станцияларына жіберілген.
«Көлік иелеріне жанармай құю бекеті басшылығының келтірілген шығынды өтеу жөніндегі міндеттемелерін растайтын кепілдік хаттар берілді», – делінген бөлімнің жауабында.
Бензиннен су мен бөгде қоспалар табылған
Техник-механик, жүк және арнайы техниканы жөндеу жөніндегі оқытушы Евгений Мурыгиннің айтуынша, сапасыз жанармайдан зардап шеккен көліктердің бірі өзі жұмыс істейтін серіктестікке тиесілі болған. Мамандар отынның құрамынан су мен бөгде қоспаларды анықтаған.
Оның сөзінше, көлік иелеріне қымбат жөндеу жұмыстарына дайындалуға тура келеді. Кейбір жағдайда қозғалтқыш пен жанармай жүйесін күрделі жөндеуден өткізу қажет болуы мүмкін.
«Жүргізушілер үшін салдары өте ауыр болды. Жөндеу қымбатқа түседі, тіпті қозғалтқышты күрделі жөндеуге және жанармай жүйесін қалпына келтіруге дейін баруы мүмкін. Әр көлікте әртүрлі: біреулері біраз жүргеннен кейін бірден тоқтап қалды, ал кейбірінің ақауы белгілі бір қашықтықты жүріп өткен соң байқалды», – деді Евгений Мурыгин.
Жанармайға қоспалар қалай түсуі мүмкін?
Мамандардың айтуынша, бензиннің өндірілген жерінен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі жеткізу тізбегін толық тексеру қиын. Сондықтан бөгде қоспалардың нақты қай кезеңде араласқанын анықтау оңай емес. Мамандар мұндай жағдайға делдалдар деңгейіндегі мәселелер себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Сонымен қатар күзде ауа температурасы құбылған кезде жанармай сақталатын цистерналарда конденсат жиналып, су отынға араласуы ықтимал.
Зардап шеккен көліктердің нақты саны 15-тен көп болуы мүмкін. Алайда жанармайды дәл осы бекеттен сатып алғанын растай алған 15 жүргізуші ғана өтемақы талап етуге негіз болатын құжат ұсынған.