Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Иркутскідегі обаға қарсы институт қызметкерінің қайтыс болуына байланысты жағдайды бақылауда ұстап отыр. Ұйымның бағалауынша, Иркутск тұрғындары үшін қауіп деңгейі орташа-төмен, Ресей бойынша төмен, ал ДДСҰ-ның Еуропа аймағы үшін өте төмен, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл туралы ДДСҰ өкілі Кристиан Линдмайер БҰҰ-ның Женевадағы брифингінде мәлімдеді.
Әңгіме ауыр пневмониядан емделіп, 2 қазанда қайтыс болған институт қызметкері туралы болып отыр. ДДСҰ оның өліміне нақты не себеп болғаны әзірге ресми түрде расталмағанын атап өтті. Ресей билігі әйелдің өкпелік оба түрін жұқтырған-жұқтырмағанын анықтап жатыр.
Марқұммен байланыста болған адамдардың барлығы анықталып, медициналық бақылауға алынған. ДДСҰ алған мәліметке сәйкес, олардың ешқайсысында ауру белгілері байқалмаған. Алғашқы талдау нәтижелері де теріс болған.
Ұйым 3 қазанда Ресей билігінен қосымша ақпарат сұратқан. Брифинг кезінде Ресей тарапы ДДСҰ-ға қызметкерде ауруханадан тыс пневмония болғанын хабарлаған. Сонымен қатар, байланыста болған адамдардан аса қауіпті инфекция қоздырғыштары анықталмаған.
ДДСҰ жағдайды бақылауды жалғастырады. Ұйым жаңа ақпарат түскен жағдайда қауіп деңгейіне қатысты бағасын жаңартатынын мәлімдеді.