Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында тек қағаз жүзінде тіркелген қоғамдық ұйымдардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, кейбір республикалық қоғамдық бірлестіктердің нақты қызметі жоқ. Ол мұндай ұйымдардың азаматтардың мүддесін қорғау үшін емес, өзге мақсаттармен, соның ішінде мансапқорлық ниетпен құрылуы мүмкін екенін айтты.
«Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды. Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық. Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды», – деді Тоқаев.
Президент мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданатынын айтып, тек мемлекеттік тапсырысты игеру үшін құрылған ұйымдардың жұмысына тосқауыл қою қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Тоқаев Халық Кеңесіне қоғамдағы түрлі консультативтік-кеңесші органдардың жұмысын үйлестіру міндеті жүктелетінін айтты.
«Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі», – деді Президент.