Маңғыстау облысының Шайыр ауылында өткен айтыста айтқан сөзі үшін ақын Мақсат Ақанов алдағы алты ай бойы айтыстарға қатыса алмайды. Бұл туралы Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтай мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Шайыр ауылындағы айтыстан үзінді тараған. Видеода ақынның сахнада айтқан сөзі көпшіліктің сынына ұшыраған.
Нұргүл Хасанова есімді әйел оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ақынның әрекетін айтыс әдебі мен сахна мәдениетіне сай емес деп атады. Әлеуметтік желі қолданушылары да ақынға қатысты түрлі пікір айтып, тиісті шара қолдануды талап еткен.
"Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай» дейді. «Вацап» арқылы келіп жатыр. «Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды» деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден «жұлдыз», мың жерден «дүлдүл» болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!", - деп жазды ол.
Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтай бұл шара одақтың ұйымдастыруымен өтпегенін атап өтті.
«Бұл – Айтыс одағының жоспарында жоқ, Шайыр ауылында болған айтыс. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен сол өңірдің азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ», – деді ол.
Соған қарамастан, Айтыс Одағы Мақсат Ақановты алдағы алты айда айтыстарға қатыстырмау туралы шешім қабылдаған.
«Шайыр ауылындағы келеңсіздік біздің де қабырғамызға батуда. Бір ақынның қателігі үшін барлық ақын кінәлі емес», – деді Аманжол Әлтай.