Өнер иесі құрбысының басына барып, оның қабіріндегі суретін көргенде көзіне жас алғанын жазды.
«Сауленің басына бара алмай, жаным жай таппай жүрген едім. Бүгін сәті түсті. Машинадан түсе сала, меңірейген қара тастағы күлімдеген жүзіңді көріп, көзімнен жас парлап, “Сауле!” деп тірі адамды шақырғандай өксіп шыққан дауысымның дірілін біраз уақыт баса алмадым», – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
Әнші марқұм құрбысының өзіне және отбасы мүшелеріне қиын сәттерде көмектескенін еске алды. Оның айтуынша, Сәуле емханаға барған кезде одан ақша алудан бас тартқан.
Сондай-ақ Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде сынға ұшыраған кездерінде құрбысы оны үнемі қолдап отырғанын айтты.
«Мен желіде мыңмен жалғыз алысып отырғанымда, үнемі мені жақтап, қолдап отыратын едің. Енді сен жоқсың! Жай ғана бір төмпешік... Жаның жай тапсын, адал досым», – деп жазды әнші.
Айта кетейік, кәсіпкер Сәуле Базархан 2026 жылғы 15 мамырда Алматыдағы жекеменшік клиникада жоспарлы операциядан кейін қайтыс болған. Жақындарының айтуынша, ол клиникаға липосакция жасату үшін барған.