Малик Мурзалин Қазақстанның Малайзиядағы елшісі болып тағайындалды. Ол бұған дейін 2022 жылғы желтоқсаннан бері Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметін атқарған.
Мурзалин еңбек жолында Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінде, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген. 2017-2019 жылдары Ақмола облысының әкімі, ал 2019-2022 жылдары Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болды.
Ол ММХҚИ мен Йель университетінің Менеджмент мектебін тәмамдаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Қазақстанның Грузиядағы жаңа елшісі болып Талғат Адуов тағайындалды. Ол 2018 жылдан бері «Отандастар» қорының бірінші вице-президенті қызметін атқарып келген.
Адуов бұған дейін Сыртқы істер министрлігінде, Президент протоколы қызметі басшысының орынбасары, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы және Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген.
Ол Түркиядағы Мармара университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Ал Қазақстанның Малайзиядағы бұрынғы елшісі Болат Сүгірбаев қызметінен босатылды. Ол Малайзиядағы қызметімен қатар Қазақстанның Брунейдегі елшісі міндетін де атқарған.