Мәліметке сәйкес, shymzz13 деген лақап атпен тіркелген қолданушы деректер базасын 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған.
Жарияланған ақпаратта файлдың көлемі 2,7 гигабайт, ал оның ішінде шамамен 47 млн жазба бар екені айтылған. Базада азаматтардың төлқұжаттары, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орны, құжаттарының скан-көшірмелері және құпия сөздерге қатысты мәліметтер болуы мүмкін.
Хакер деректер базасын eGov жүйесін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген.
Алайда бұл ақпараттың шынайылығы әзірге расталған жоқ. Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдары оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Сондықтан аталған деректердің нақты қазақстандық азаматтарға тиесілі екені немесе базаның қайдан алынғаны әзірге белгісіз.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатқанынын мәлімдеді.
"Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ. Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды. Техникалық тексеру жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі", - делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, 11 тамызда Қазақстан Үкіметі eGov порталының жаңартылған нұсқасы іске қосылғанын хабарлаған.
Даркнет — интернеттің қарапайым іздеу жүйелері арқылы табылмайтын, арнайы бағдарламалар мен құралдар арқылы қол жеткізілетін жасырын желілердің бөлігі.