Прокурордың айтуынша, сотталушының жауапкершілігін жеңілдететін ешқандай мән-жай анықталмаған. Осыған байланысты мемлекеттік айыптау тарапы ең қатаң жаза түрін тағайындауды сұрап отыр.
Сонымен қатар прокурор Нұрай Серікбайдың Шерхан Аймаханға ешқандай өкпе-талабы жоқ екенін айтқан бейнежазбаны дәлел ретінде есепке алмауды өтінді. Арнайы сараптама барысында видеодағы бойжеткеннің сөздері өз еркімен айтылмағаны, алдын ала жатталғаны анықталған.
«Жазаны жеңілдететiн мән-жайлар анықталған жоқ. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы сотта.
Еске салайық, қайғылы оқиға 11 қаңтарда Шымкентте болған. Тергеу нұсқасы бойынша, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайға бірнеше рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Кейін құқық қорғау органдары кешенді іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні Шымкент маңынан ұстаған.