Қаржыгерлердің бағалауынша, қыркүйектің басында доллар бағамы орта есеппен 480,2 теңге болуы мүмкін. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 483,3 теңге деп болжанған.
Ал бір жылдан кейін доллар 512,2 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал. Бұған дейінгі болжам 520,4 теңге болған.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер етіп отырғанын атап өтті. Олардың қатарында Ұлттық банктің валюта сатылымын арттыруы, экспорттаушылар мен квазимемлекеттік компаниялардың валюталық түсімдерін теңгеге айырбастауы және ірі бизнестің салық төлемдеріне дайындалуы бар.
Базалық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешімін 4 қыркүйекте қабылдайды.
Сауалнамаға қатысқан қаржыгерлердің 60%-ы мөлшерлеме қазіргі 16,75%-дан 16,5%-ға дейін төмендейді деп күтеді. 28%-ы мөлшерлеме өзгермейді десе, 12%-ы керісінше көтерілуі мүмкін деп санайды.
«Қазіргі инфляциялық қысымның бәсеңдеуі және жиынтық сұраныстың төмендеуі ақша-кредит саясатын абайлап жұмсартуға мүмкіндік береді», – делінген Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында.
Мамандар бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін түсуі мүмкін деп болжайды. Дегенмен инфляция деңгейі жоғары болғандықтан, мөлшерлемені тез төмендету әзірге қиын.
Экономика өсімі 4,7% болуы мүмкін
Қаржыгерлер Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамын да жақсартқан. Олардың есебінше, алдағы 12 айда елдің жалпы ішкі өнімі 4,7%-ға өсуі мүмкін. Бұған дейінгі болжам 4,6% болған.
Экономикалық өсімге ірі инфрақұрылымдық жобалар, мұнай өндірісі мен экспортының қалпына келуі, көлік саласының дамуы және жаңа өндірістердің іске қосылуы ықпал етуі мүмкін.
Ал мұнай бағасына қатысты болжам төмендеді. Қаржыгерлер бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы 77,3 доллар шамасында болады деп күтеді. Бұған дейінгі болжам 80 доллар болған.