– Мемлекет басшысының өкімімен Бақыт Амангелдіқызы Есімова Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды, – делінген хабарламада.
Бақыт Есімова жаңа қызметке тағайындалғанға дейін де Президент Әкімшілігінің осы бөлімінде еңбек еткен. 2022 жылдың мамырынан бері бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Бақыт Есімова 1984 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 2006 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы Санкт-Петербург мемлекеттік инженерлік-экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын Қазақстан жастар конгресінде бастаған. Кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде және Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.
Әр жылдары Ақмола облысы әкімінің аппаратын, сондай-ақ Астана қаласының ішкі саясат басқармасын басқарды. 2020-2022 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары болды.
Одан кейін Президент Әкімшілігіне ауысып, қазіргі қызметіне дейін сол жерде еңбек етті.