Экс-министрдің айтуынша, грантқа түсе алмаған жастар мен олардың ата-аналары бұл жағдайда не істеуге болатынын жиі сұрайды. Ол талапкерлер үшін білім грантын алудың әлі де бірнеше жолы бар екенін атап өтті.
Аймағамбетов ұсынған алты мүмкіндік:
1. Әкімдік гранттары.
Жергілікті бюджет есебінен бірнеше мың білім гранты бөлінеді. Сондықтан талапкерлер өз өңіріндегі әкімдік гранттарына өтініш бере алады.
2. «Қазақстан халқына» қорының гранттары.
Қор да әлеуметтік санаттарға жататын талапкерлерге білім алуға мүмкіндік беретін гранттар ұсынады.
3. Босап қалған гранттарға өтініш беру.
Кейбір талапкерлер әртүрлі себеппен өздері жеңіп алған гранттан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда бос қалған грант ҰБТ нәтижесіне сәйкес келесі кезекте тұрған талапкерлерге беріледі.
4. Ақылы бөлімге түсіп, кейін грантқа ауысу.
Талапкер университетке ақылы негізде түсіп, оқу барысында жақсы нәтижеге қол жеткізсе, босап қалған грантқа конкурс арқылы ие бола алады. Сонымен қатар ЖОО-лардың ішкі гранттары да қарастырылуы мүмкін.
5. Бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсыру.
«Gap year» алып, келесі жылы ҰБТ-ға қайта дайындалуға болады. Аймағамбетов бұл тәсілді өзінің жеке тәжірибесінен өткенін айтты.
6. Колледжге түсу.
Колледждерде де мемлекеттік гранттар жеткілікті. Кейбір сұранысқа ие мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім алған мамандар еңбек нарығында қажет. Қажет болған жағдайда колледжден кейін университетке түсіп, жоғары білім алуға болады.
Аймағамбетов грантқа түсе алмаған талапкерлердің мүмкіндігі мұнымен шектелмейтінін атап өтті.
Экс-министр жастарға нақты ақпарат алу үшін өздері таңдаған жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына жүгінуге кеңес берді.