Ләззат Әбдірахманованың айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Ол сот-медициналық сараптама қорытындысы мен іс материалдарына тәжірибелі, тәуелсіз инфекционист дәрігерлердің кәсіби бағасы қажет екенін жеткізді.
«Мен, Дәмелі Әбдірахманованың анасы Ләззат Әбдірахманова, Қазақстандағы бейжай қарамайтын барша азаматтардан көмек сұраймын. Қызым Орал қаласындағы инфекциялық аурулар ауруханасында қайтыс болды. Қазір осы оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Мен үшін іс материалдары мен сот-медициналық сараптама қорытындысына тәуелсіз әрі объективті баға берілуі өте маңызды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ анасы инфекциялық аурулар саласында көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлерден қолындағы медициналық құжаттарды зерделеп, кәсіби пікір білдіруді сұрады.
«Мен ешкіммен жанжал іздеп жүрген жоқпын және ешкімді дәлелсіз айыптамаймын. Баласынан айырылған ана ретінде тек шындықты біліп, әділдікке қол жеткізгім келеді. Маған бәрі дұрыс жасалды ма, әлде қызымның тағдырына әсер еткен қателіктер болды ма – соны түсіну маңызды», – деді Ләззат Әбдірахманова.
Ол басты мақсаты кінәлі іздеу емес, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, әділ әрі объективті қорытындыға қол жеткізу екенін атап өтті.
Дәмелі Әбдірахманованың қазасынан кейін әлеуметтік желіде оған қатысты жазбалар көбейіп, желі қолданушылары анасы Ләззат Әбдірахмановаға қолдау білдіруде. Көпшілік отбасының қайғысына ортақтасып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп жатыр.
Оқиғаға байланысты Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады. Басқарма мәліметінше, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Ведомствоның хабарлауынша, оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Ал ресми қорытынды сараптамалар мен тексеру рәсімдері толық аяқталғаннан кейін жарияланады.