Жантүршігерлік оқиға көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтерде болған. Көршілердің айтуынша, сол күні ешқандай айқай не шу естілмеген. Ал кешке 16 жастағы қызы үйге оралғанда қанға боялған анасының денесін және жанында ұйықтап жатқан кішкентай сіңлісін көрген.
“Үлкен немеремнің шок алғаны сонша, анасына жақындай да алмады. Ол небәрі 16 жаста. Көзқарасы қатып қалғандай болды. Ал кішкентай қыз алғашында мүлде сөйлеген жоқ. Кейін: "Әкем анамды пышақтады" деді. Ол оқиғаның қалай болғанын көрсетіп берді. Барлығын полицияға айтып берген. "Әкем анамды ұрды, анам айқайлады. Мен жыладым. Қатты жылай бастағанда, әкем қашып кетті" деген”, – дейді марқұмның анасы Фатима Шмирова.
Негізгі күдікті – 38 жастағы ер адам. Ол 42 жастағы Алмагүл Шмировамен алты жыл азаматтық некеде тұрған. Әйелдің бөлек тұратын екі ересек қызы болған. Ал екі кенже қызы анасымен бірге тұрған. Марқұмның шағын дүкені болған. Туыстары болған жағдайға әлі күнге дейін сене алмай отыр. Олар мұндай қатыгездікке не себеп болғанын түсінбейді.
“Біз суреттерді көрдік. Денесінде алдыңғы жағынан да, артқы жағынан да пышақ ізі болған – барлығы 28 жарақат. Ол еш аяусыз пышақтаған. Арқасынның сау тамтығы қалмаған. Тіпті, тамағын да орып жіберген. Адамның мұндай жауыздыққа қалай баратынын түсіне алар емеспін. Бұл – айуандық. Өзінің лайықты жазасын алсын. Басқа ештеңе сұрамаймын”, – дейді Фатима Шмирова.
Туыстарының сөзінше, ер адам бұған дейін де жиі жанжал шығаратын болған. Әйел бірнеше рет полиция шақырғанымен, күдікті қайта оралып, бәрі қайталанып отырған.
Жақындарының айтуынша, күдікті кісі өлтіруден кейін төрт күн өткен соң ғана ұсталған.
“Тұрмыстық жанжал кезінде әйелді өлтірді деген күдікпен марқұммен азаматтық некеде тұрған 38 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – дейді Атырау облыстық полиция депратаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.
Марқұмның жақындары енді қыздардың тәрбиесін өз мойындарына алмақ. Олардың айтуынша, ең алдымен үш және он алды жастағы қыздардың психологиялық жағдайына көңіл бөлмек.