Wildberries компаниясының басшысы Татьяна Кимнің айтуынша, шабуыл Краснодар өлкесі мен Ставрополь өлкесінің Невинномысск қаласында орналасқан логистикалық орталықтарға жасалған.
Невинномысскідегі қоймада өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша бес адам жарақат алған. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай режимі енгізілді.
Ал Краснодардағы логистикалық орталыққа жасалған шабуылдан 10 адам зардап шекті. Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьевтің мәліметінше, олардың үшеуінің жағдайы ауыр, тағы бір адамның жағдайы орташа ауыр.
Губернатордың айтуынша, қойма аумағындағы өртті толық сөндіру және оның салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Армавирдегі мұнай базасына да соққы жасалды
Сол түні Краснодар өлкесінің Армавир қаласындағы мұнай базасы да дрон шабуылына ұшырады. Жергілікті биліктің мәліметінше, нысанда ірі өрт шыққан. Өлке басшысы шабуыл салдарынан мұнай базасының бір қызметкері қаза тапқанын хабарлады.
Ресей 242 дронның атып түсірілгенін мәлімдеді
Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 21 шілде сағат 20:00-ден 22 шілде таңғы 08:00-ге дейін Ресейдің 16 өңірі, аннексияланған Қырым, сондай-ақ Қара және Азов теңіздері үстінде 242 украиналық ұшқышсыз ұшу аппараты жойылған.
Министрлік сондай-ақ түнгі шабуылдардың бірі Одессадағы украиналық «Нова пошта» логистикалық орталығына бағытталғанын мәлімдеді.
Зеленский: Украина Ресейдегі Wildberries логистикалық орталықтарына соққы жасады
BBC-дің жазуынша, Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Краснодар және Ставрополь өлкелеріндегі логистикалық нысандарға жасалған дрон шабуылдары туралы мәлімдеме жасаған.
Оның айтуынша, шабуыл барысында Ресей армиясын дрондарға арналған бөлшектермен, навигациялық жабдықтармен және өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етуге тартылған логистикалық орталықтар нысанаға алынған. Сондай-ақ Зеленскийдің сөзінше, кезекті мұнай базасы, Ресейдің «көлеңкелі флотының» бір танкері және төрт құрғақ жүк кемесі де соққыға ұшыраған.
Ресей билігінің мәліметінше, Ставрополь өлкесінің Невинномысск қаласындағы қойма кешеніне жасалған шабуылдан бес адам жараланған. Ал Краснодардағы шабуыл салдарынан 10 адам зардап шеккен. Краснодар өлкесінің Армавир қаласындағы мұнай базасына жасалған шабуылдан бір қызметкер қаза тапқанын өңір губернаторы Вениамин Кондратьев хабарлады.
Айта кетейік, 18 шілдеге қараған түні де Wildberries-тің Тамбов облысындағы Котовск және Мәскеу облысындағы Электросталь қалаларындағы қоймалары дрон шабуылына ұшыраған. Ресейлік БАҚ-тың бағалауынша, сол шабуылдардан кейін Wildberries платформасындағы сатушылардың шығыны 100–150 млрд рубльге жетуі мүмкін.