Ойын АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өтті. Финалдық кездесудің бас төрешісі словениялық Славко Винчич болды.
Матчтағы жалғыз голды Испания шабуылшысы Ферран Торрес қосымша уақыттың 106-минутында соғып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Екінші таймға қосылған уақытта Аргентина құрамасы бір ойыншыдан айырылды. 90+3-минутта жартылай қорғаушы Энцо Фернандес екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталды. Кездесу барысында Испания айқын басымдық танытты. Ал Аргентина құрамасы негізгі уақыттың 90 минуты ішінде қарсылас қақпасына бірде-бір дәл соққы жасай алмай, әлем чемпионаттары финалдарының антирекордын тіркеді.
Финалға дейін Испания жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен жеңсе, Аргентина Англияны 2:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Бұл Испания құрамасының тарихындағы әлем чемпионатындағы екінші жеңісі болды. Бұған дейін олар 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатында топ жарған. Ал 2022 жылғы әлем чемпионы Аргентина бұл жолы өз чемпиондық атағын қорғай алмады.