Ұйымның мәліметінше, турнир барысында келісілген матчтарға қатысты күмән тудыратын ешқандай белгі тіркелмеген. ФИФА өкілінің айтуынша, чемпионат кезінде барлық ойындарға тұрақты бақылау жүргізілгенімен, күмәнді әрекеттер анықталмаған. Осылайша, халықаралық ұйым әлем чемпионатының матчтары адал бәсеке қағидаттарына сай өткенін мәлімдеді.
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында матчтардың әділ өтуін қамтамасыз ету және нәтижелерді қолдан жасау қаупінің алдын алу жөніндегі арнайы жұмыс тобы өз жұмысын аяқтап, тексеру қорытындысын жариялады.
Ұйымның мәліметінше, турнир барысында жиналып, талданған ақпарат негізінде бірде-бір матчтан бәске қатысты күмәнді белсенділік немесе ойын нәтижесін қолдан өзгерту белгілері анықталмаған.
«Жарыс барысында жиналған және сараланған ақпаратқа сүйене отырып, жедел жұмыс тобы бірде-бір кездесуде бәске байланысты күмәнді әрекеттерді немесе матч нәтижелерін қолдан өзгерту белгілерін тіркеген жоқ», – делінген ФИФА мәлімдемесінде.
Сондай-ақ әлем чемпионаты бойы мамандар букмекерлік нарықтағы өзгерістер мен футболшылардың ойын кезіндегі әрекеттерін тұрақты бақылауда ұстаған. Бұл турнирдің адал әрі ашық өтуін қамтамасыз ету және кез келген әділетсіз ойынға қатысты күдікті дер кезінде анықтау мақсатында жүргізілген.
Арнайы жұмыс тобының құрамына футбол конфедерацияларының өкілдері, АҚШ, Канада және Мексиканың футбол федерацияларының мамандары, сондай-ақ АҚШ Федералдық тергеу бюросының (ФБР), Интерполдың, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC), Еуропа кеңесінің, Sportradar компаниясының, Халықаралық ставкалардың адалдығы қауымдастығының (IBIA) және басқа да бейінді ұйымдардың сарапшылары кірді.
ФИФА бұл жұмыс тобының қызметі алдағы ірі халықаралық турнирлерде де жалғасатынын мәлімдеді. Оның ішінде 2027 жылы өтетін әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионаты да бар.
ӘЧ-2026 қорытындысы
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испания мен Аргентина құрамалары кездесті. Тартысты кездесуде испаниялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.
Ал қола жүлде үшін өткен матчта Франция мен Англия құрамалары жанкүйерлерге нағыз гол жауынын сыйлады. Кездесу 6:4 есебімен Англияның пайдасына аяқталып, әлем чемпионаттары тарихындағы ең нәтижелі бес ойынның қатарына енді.