Толығырақ
Олжас Бектеновтің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан экономикасы 4,1 пайызға өскен. Өңдеу өнеркәсібі – 9,8 пайызға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс – 15,2 пайызға артқан. Сондай-ақ сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс салаларында да өсім байқалған.
Премьер-министр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгені құрағанын атап өтті. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 200 жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы және инфляцияны төмендету шаралары туралы ақпарат берілді. Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады.
Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері туралы баяндалды, сондай-ақ жұмысқа орналасуға ынталандыру арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру тәсілдері таныстырылды. Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржы үнемделеді.
Кездесуде тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру және туризм салаларындағы жобалар да талқыланды. Атап айтқанда, жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланған.
Президентке инфляцияны төмендету, халық табысын арттыру және әлеуметтік қолдау шаралары туралы да ақпарат берілді. Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайыз болған.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, ІТ саласына инвестиция тарту және Алматы тау кластерін дамыту жұмыстары туралы баяндады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Президент халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға, соның ішінде заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше көңіл бөлуді міндеттеді.