Мади Такиев өз сөзін дәлелдеу үшін бірнеше мысал келтірді.
"Қаржы институттары емес кейбір ұйымдар бөлінген қаражатты несие беруге және депозитке салу үшін пайдаланған, осылайша пайыздық табыс тапқан. Мысалы, бюджеттен берілген 1 млрд теңге несие депозитке салынып, 80 млн теңге пайда әкелген. Сондай-ақ бір малға бірнеше рет 808 млн теңгеге субсидия алған ", — деді министр.
Оның айтуынша, бұл мысалдар мемлекеттік аудит тиімділігін арттыруда бақылауды және цифрлық талдауды күшейтудің маңыздылығын көрсетеді.
Мәди Такиев цифрлық трансформация аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту мақсатында онлайн-бюджеттік мониторинг жүйесі енгізілгенін де айтты.
"Бүгіннің өзінде білім беру саласы бойынша ғана қаражатты жұмсау кезінде бұзушылықтардың алдын алу және тәуекелдерді анықтау бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы 2024 және 2025 жылдары тәуекелі жоғары төлемдер сомасы тиісінше 307 млрд және 132 млрд теңге болғаны анықталды. Мысалы, аудандық білім бөлімдерінде кей қызметкерлерге бір айда 30-65 млн теңге аралығында төлем жасалған немесе 10 млн теңгеден астам сыйақы аударылған жағдайлар бар. Тағы бір мысал — бір айда түрлі аты-жөні бар адамдарға 66 төлем жасалған, бірақ бірдей шот немесе ЖСН көрсетілген", — деді ол.
Министрдің айтуынша, мониторинг жүйесі біртіндеп кеңейіп келеді. Енді ол тек білім беру емес, сонымен қатар денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларын да қамтитын болады.