«Жетінші арна» мәліметінше, Ұлпан есімді келіншектің 15 жастағы қызы Көркем әлеуметтік желілер арқылы кастинг туралы біледі. Онда Жан Байжанбаевпен бірге фильмге түсуге шақырады. Кастинг ұйымдастырушылар міндетті түрде ата-аналарымен келуді тапсырады. Әуел бастан менеджерлер Ұлпанға оның қызы басты рөлге ие болатынын, ол жабық шоуға лимузинмен келіп, қызыл кілеммен жүретінін айтады. Бірақ бұл үшін ата-аналар бір жарым миллион теңге төлеуі керек болған. Ұйымдастырушылар әйелдің қаражатты бірден төлегенін талап етеді.
«Біздің кезегіміз келгенде мені менеджерге апарды. Олар Жан Байжанбаевпен бірге 30-40 минуттық қысқаметражды фильм түсіретінін айтты. Осы үшін біз бір жарым миллион теңге төлеуіміз керек екен», – дейді келіншек.
Ұлпан бұл туралы әлеуметтік желілерде де айтты. Сол кезде көптеген адам оған бұл жиі кездесетін тәсіл екенін жазды. Киноға түсуге немесе модельдік курстарда оқуға шақыратын және сол үшін ақша сұрайтын көптеген агенттіктер бар екен.
Актер Санжар Мәди бұл әрекеттерді алаяқтық деп бағалады. Сонымен қатар ол «Рөл алу үшін ешқашан ақша төлемеңіздер» деп ескертті.
Жан Байжанбаевтың менеджері рөлді сомдауға шақырылғанын растады. Бірақ оқу процесі мен бағаға актердің еш қатысы жоқ екенін, бұған тек студия жауапты екенін айтты.