Бұл туралы журналист өзінің Telegram-арнасында жазды.
"Қазіргі уақытта полиция Талғардағы «хуторлықтар» туралы айтқан кейіпкерлердің бірін ұстады. Оны психиатриялық ауруханаға апарып жатыр", – деді Асхат Ниязов.
Журналист қатыгездікпен өлтірілген жасөспірім Шерзат Болаттың көршісімен бірге бұрын «Хутор» деп аталған Рысқұлов ауылына барған. Сыртта қауіпті болғандықтан сұхбат көліктің ішінде жазылған.
Тұрғын сұхбат барысында «Хуторский» ұйымдасқан қылмыстық тобы бар екенін жеткізіп, олардың әрекеттері туралы айтқан. Алайда журналист кейіпкерінің өзі бұрын сотты болғанын ескертіп, айтқандарына сену-сенбеуді көрерменнің қалауына қалдырған.
Еске салсақ, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді. Шерзат Болаттың өліміне қатысты 11 күдікті ұсталды.