Енді Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара талап ету немесе алу», 367-бабы «Пара ұсыну, уәде ету немесе беру» деген атауларға ие болады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі артады. Қазіргі уақытта олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 678-бабы бойынша лауазымды тұлғаларға сыйақы бергені үшін 750 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Бұл баптың жаңа редакциясында Қылмыстық кодекстің 367-бабына (Пара беру) ұқсас көп мөлшердегі айыппұл түріндегі диспозиция мен санкциялар қарастырылған. Айыппұл сыйақының мөлшеріне қарай заңды тұлға атынан немесе оның мүддесі үшін берілген материалдық сыйақы мөлшерінің 30-дан 60 еселенген мөлшерінде болады.
«Бұл бірінші оқылым, көп ұсыныс айтылды. Тәуекелдер бар, ескерілмей ұсынылған дүниелер бар. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты осындай қарқынды, қатал заң керек. Беруге оқталу, уәде беру, талап ету деген нормалардың айналасын абайлау керек. Мысалы, дәрігерді алғыс ретінде берілген бір қорап кәмпит үшін соттап жіберсек, ертең мамансыз қаламыз. Сондықтан екінші оқылымға дейін осындай дүниелер әлі нақтыланады. Жалпы жемқорлыққа қатысты заң қатал болу керек. Қытайдағыдай адам жазасына кеспесек те, 20 жылдан артық уақытқа соттау керек. Сонда ғана бұны жеңеміз», - дейді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.